Бүлдіргіштермен күрес немесе бейнебақылау камерасы — тұрғындар қауіпсіздігі
Ақтөбеде тұрғын үйлерде бейнебақылау камералары орнатыла бастады. Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын жүзеге асыру бағытында Ақтөбе облыстық телекоммуникация дирекциясы «Кіреберістер үшін бұлтты бейнебақылау» жобасын қолға алып, алғашқы кезеңін бастап кетті. Бұл тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жоба.
Подьездің тазалығын берсін,
Отбасының амандығын берсін!
Немесе
Бүлдірмесең алғыс аларсың.
Бүлдірсең қарғыс аларсың!
Зейнеткер Мәрзия Мұзафарова осындай қанатты сөздерді қағазға бастырып алып, кіреберіске ілуден шаршамайды. Енді бір жерге «Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат», деп жазып іліпті. Осындай ескертпелерді іліп, өзі тұратын үйдің барлық тұрғындарынан ортақ дәліз, алаңдар мен кіреберістің тазалығын сақтауды сұрайды. Үнемі тәртіп болсын, біреулер бүлдіріп кетпесін деп қадағалап жүреді. Ол үшін ешкімнен ақы да сұрамайды. Сөйтіп жүрмін деп ешкімге міндетсінбейді де. Қолынан келгенін жасап, 3 жылдан бері тұратын үйдің тазалығын сақтау ісіне өз үлесін қосып жүр. Қанша, тырысса да, өкінішке қарай, сол ескертпелерге құлақ аспайтын бүлдіргіштер көп болып тұрғандығына қатты қынжылады. Қанша аңдыса да қолына түсіре алмайтын. Енді, кіреберіске бейнебақылау камерасы орнатылады дегенді естігелі, елден бұрын қуанып жүр. Ең болмағанда бейнебақылау камерасы барын көріп, бүлдіргіштер аяқтарын аңдап басатын болар, тыйылар деп үміттенеді.
Тұрғын үй кешеніндегі №8 басқару компаниясының шебері Алмагүл Тоқтауова:
- Біздің тұрғын үйді басқару компаниясы кіреберістерге бейнебақылау камераларын орнату туралы ұсыныспен осыған дейін түрлі мекемелерге шығып жүрген. Өйткені, кіреберістерді ластап кетушілермен күресуден шаршадық. Қоқыстарды қалай болса солай лақтырып тастайтындары,шашатындары өз алдына, үлкен-кіші дәретке отырып кететіндері қинайды. Ондайда сол ластанған жерді жуып-тазалайтын қызметкерлерімізді аяймыз, сондықтан да көбісі шыдамай жұмыстан шығып кетіп жатады. Бейнебақылау камераларын орнатуды облыстық телекоммуникация дирекциясы қолға алғанын естіген кезде қатты қуандық. Тек тұрғындар түсінбей жатыр. Әсіресе, жасы егде тартқандардың арасында «ол камера неге керек деп», — бұрқылдайтындар бар. Барынша түсінік жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өйткені, ол камералар ең бірінші тұрғындардың өздеріне керек. Тазалық сақталады. Тәртіп орнайды. Балаларымыз алаңсыз кіріп-шығып, алаңда ештеңеден қорықпай ойнайды.
Облыстық телекоммуникация дирекциясы бұл жобаны компанияның өз табысынан алып, қаржыландырып отыр. Қазірге дейін «Нұр Ақтөбе» тұрғын ауданының №12 «в», №15 «в» үйлеріне алғашқы 20 бейнебақылау камерасын орнатқан. Енді Қонаев көшесіндегі үйлерді бастаған. Қыркүйек айының соңына дейін қаладағы тағы 13 көпқабатты үйге камераларды орнатады. Бұл шамамен 56 бейнебақылау камерасы орнатылады деген сөз. Жалпы жыл соңына дейін мыңға жуық бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған. Осылайша Ақтөбеде 200-ден астам көппәтерлі үйде бейнебақылау камералары болады.
Дәурен Көпжасаров Ақтөбе облыстық телекоммуникация дирекциясының телекоммуникация желілерін дамыту бөлімінің басшысы:
— «Бұлтты бейнебақылауды» орнатудағы басты мақсат — тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сол үшін әзірге әрбір подъезге 2 бейнекамера орнатып жатырмыз. Біреуі кіреберістің алдында, тап маңдайшаның астында, екіншісі ішке кіргендегі дәлізге орнатылады. Камера 24 сағат бойы non-stop режимінде жоғары сапалы бейнежазбаны жазып, телекоммуникация дирекциясы серверінде бұлтты тұғырнамада сақтайды. Тұрғындар онлайн режимде өзінің ұялы телефонына жүктеген қосымша немесе үйдегі компьютері арқылы дербес кабинет ашып, содан бақылап, қарай алады. Жазба 7 күн сақталады. Керек болса, сол 7 күннің ішінде өзіне қажетті бейнемәліметті жаздыртып алуына болады. Бейнемәліметтер ағынын қорғау механизімі де бар. Яғни, бейнежазба сол камера орнатылған үйдің, сол кіреберістің тұрғындарына ғана арналған. Бөгде адамдар оған кіре алмайды, бейнебақылау жүргізіледі. Клиенттің өзінің жеке кабинетіне кіретін логині мен кілтсөзі болады. «Жеке бұлт мекені» мен «Мәліметтерді сақтаудың бұлтты жүйесі» – data-орталықтарында сақтаулы болады. Одан өзге, мәліметтерді тарату арналарына сүзгілер орнатылады, бұзып кірмек болған жағдайда, мүмкіндік берілмейді.
Бейбіт Атанғарин Ақтөбе облыстық телекоммуникация дирекциясы техникалық директорының орынбасары:
—Тұрғындар тек ай сайын абоненттік төлем ақы төлейді. Ол көп емес.Орташа алғанда шамамен 350, ең көп дегенде 500 теңге көлемінде болады деп отырмыз. Бұл камераларды біз тұрғындардың 30%-нан астамы келісімін берген жағдайда ғана және тегін орнатамыз. Егер тұрғындар қаласа, әрбір қабаттағы дәлізге де орнатып бере аламыз. Бұл абоненттік төлемді арттырады, бірақ абоненттер саны көп болған сайын, төлемнің мөлшері азаятындығын ескеріңіздер.
Қазір біз цифрлы бизнес ғасырындамыз. «Кіреберістер үшін бұлтты бейнебақылау» қызметін ұйымдастырған облыстық телекоммуникация дирекциясы заманауи жүйелерді белсенді түрде зерттеп, дамытып, оңтайландырумен және қаладағы тұрғын үйлердің, басқа әлеуметтік нысандардың жұмысының тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыру бағытында қызмет көрсетуге дайын.
«Кіреберістер үшін бұлтты бейнебақылау» қызметіне қосылу үшін абоненттер www.telecom.kz сайтына кіріп, Жеке кабинет арқылы немес Ақтөбе ОТД сервис желісі пункттерінде өз өтінімдеріңізді бере аласыздар. Қызметке қосылу тегін. Ай сайынғы абоненттік төлем, қызметке қосылған пәтер санына байланысты 350-ден 500 теңгеге дейін өзгеріп отырады. Қызмет туралы толық ақпаратты https://telecom.kz//services/videon%/D%B0blyudenie/view/video-monitoring сайтынан алуға болады.